2025 жылғы 12 ақпанда академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтына (ИММаш) «СарыаркаАвтоПром» ЖШС делегациясы келді. Сапардың мақсаты институттың ғылыми әзірлемелерімен танысу және өнеркәсіптік автоматтандыру мен роботтандыру саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылау болды.
Делегация ИММаш-тың көрме аймағын аралап, онда механика және робототехника саласындағы озық әзірлемелермен танысты. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі мобильді көлік роботы, коллаборативті робот (кобот), декарттық робот, жүретін роботтар және басқа да заманауи технологиялар ұсынылды.
Ғылыми-техникалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан ПЦФ BR24992947 «Жасанды интеллект негізінде Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі кәсіпорындары үшін икемді роботтандыру мен өнеркәсіптік автоматтандырудың (RPA) роботтарын, ғылыми-техникалық және бағдарламалық қамтамасыз етуін әзірлеу» (2024–2026 жж.) жобасына ерекше назар аударылды.
Ғылым мен өндірісті интеграциялау мәселелері дөңгелек үстел форматында жалғасын тапты. Онда BR24992947 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясындағы одан әрі ынтымақтастық, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС базасында өнеркәсіптік автоматтандыру және роботтандырылған технологияларды енгізу мүмкіндіктері, өнеркәсіптік роботтандыру мен цифрландыру саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, RPA (Robotic Process Automation) саласындағы озық шешімдерді енгізу, өндірістік процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселелері талқыланды.
Талқылау барысында ИММаш және ғылыми-техникалық бағдарламаның ғылыми жетекшісі Амандық Қуатұлы Төлешов атап өтті:
«Бұл – ауқымы осындай ірі өнеркәсіптік кәсіпорын өкілдерінің біздің ғылыми-зерттеу институтына алғаш рет келіп, роботтандырылған технологияларды өндіріске енгізудің негізгі мәселелерін талқылауы. Бұл ғылым мен индустрия арасындағы тығыз байланысты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам және ол Қазақстан автокөлік өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін инновациялық шешімдер жасауға негіз болады».
«СарыаркаАвтоПром» ЖШС тарапынан жоба жетекшісі Наурызбаева Камила Болатбекқызы ИММаш-пен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті:
«Біз тәжірибеде қолдануға болатын нақты кейстерді қарастырып отырмыз. ИММаш-ты өндірісті автоматтандыру мен роботтандыруға бағытталған инновациялық жобаларымызды іске асырудағы негізгі серіктес ретінде көреміз».
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар BR24992947 бағдарламасын іске асыруға «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-ның белсенді қатысуы мен қолдауын қамтамасыз ету, роботтандырылған технологияларды енгізу бойынша жол картасын әзірлеу, мамандар мен студенттерге арналған тағылымдамалар мен практикалық сабақтар ұйымдастыру, автокөлік өнеркәсібін роботтандыру және цифрландыру саласындағы бірлескен зерттеулер жүргізу, өндіріс процесіне озық технологиялық шешімдерді интеграциялау жөнінде ұсыныстар қалыптастыру туралы келісімге келді.
«СарыаркаАвтоПром» ЖШС делегациясының ИММаш-қа сапары ғылым мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін растады. Екі тарап та интеллектуалды технологияларды енгізу бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптік роботтандырудың дамуына және Қазақстанның жоғары технологиялық өндіріс саласындағы позициясын нығайтуға ықпал ететін болады.

