2025 жылғы 15 мамырда академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында Технологияларды коммерцияландыру бөлімі (ОКТ) ұйымдастырған «Халықаралық ынтымақтастық контекстіндегі машина жасау мен робототехниканы дамытудың перспективалары» тақырыбындағы 3-халықаралық ғылыми семинар өтті.
Семинар жұмысына Механика және машинатану институтының отандық ғалымдары, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қытай ғылым академиясына қарасты Шэньян автоматтандыру институтының өкілдері қатысты.
Семинардың негізгі іс-шарасы «Ғылым және технологиялар: ынтымақтастық және трансфер» тақырыбындағы дөңгелек үстел болды. Оның барысында академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты мен Шэньян автоматтандыру институты арасындағы өндірістерді автоматтандыру және роботтандыру саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Семинар аясында отандық ғалымдар мен Қытайдан келген қонақтар өз баяндамаларын ұсынып, машина жасау, робототехника және өнеркәсіптік автоматтандыру салаларындағы өзекті бағыттарды талқылады. Сонымен қатар өндірістерді роботтандыру және автоматтандыру саласындағы нақты ғылыми-техникалық міндеттер бойынша жергілікті форматтағы тереңдетілген жұмыс кездесулері өткізілді.

Аталған семинар халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өнеркәсіпке арналған жоғары технологиялық шешімдер бойынша болашақ ынтымақтастық бағыттарын айқындауға ықпал етті.


