Пудзянь инновациялық форумы–2025 аясында цифрлық трансформация, жасанды интеллект және интеллектуалды өндіріске арналған Ляонин подфорумы өтті. Подфорум жұмысына Қазақстан делегациясы да қатысты, оның құрамына ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, еліміздің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері кіреді.
Пудзянь инновациялық форумы ҚХР Ғылым және технология министрлігі мен Шанхай қаласы Үкіметінің бастамасымен құрылған және ол ғылыми-техникалық прогрестің басымдықтарын, сондай-ақ жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастықты талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Ляонин подфорумы өнеркәсіпті жаңғыртудың практикалық міндеттерін шешуге, смарт-өндірісті дамытуға және пилоттық енгізуден бастап технологияларды жергіліктендіруге дейінгі екіжақты әріптестікті кеңейтуге бағытталды.
Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэйдің ресми қабылдауында өңір басшысы Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Амандық Қуатович Тулешов бастаған қазақстандық делегацияны ыстық ықыласпен қарсы алды. Жауап сөзінде академик А.К. Төлешов Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен достық сипатқа негізделген қатынастар университеттер мен ғылыми ұйымдардың ғылыми-практикалық және білім беру салаларындағы ынтымақтастығын жүйелі әрі қарқынды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айқын мысал ретінде Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институты мен Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының робототехникалық жүйелер мен жасанды интеллект әдістерін әзірлеу бойынша бірлескен жобалары көрсетілді. Қабылдау қазақстандық әріптестерге деген жоғары сенімді және ғылым, технологиялар мен инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар, академик А.К. Тулешов Ляонин подфорумының пленарлық сессиясында баяндама жасап, онда 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы аясында қазақстандық делегацияның қатысуы ерекше өзектілікке ие болғанын атап өтті. Ол еліміздің жеделдетілген цифрлық трансформацияға, жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған стратегиялық бағытын ерекше белгіледі. Шэньяндағы алаң жоғары деңгейде айқындалған басымдықтарды растаумен қатар, оларды бірлескен жобалар, технологиялар трансфері және ғылыми-инженерлік кадрларды даярлау арқылы практикалық тұрғыда іске асыру құралына айналды.
Делегация құрамына сондай-ақ Рудный индустриялық университетінің ректоры Сапарходжаев Н.П., ҚазАтомӨнеркәсіп” ҰАК” АҚ “Семізбай-U” ЖШС-нің даму және бизнес-әкімшілендіру департаментінің бас менеджері, ” өкілі Алтынбек А.Д., академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының директоры Уалиев З.Г., Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры Куатова М.Ж., сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері кірді.

Дөңгелек үстел пікірталасында Рудный индустриалды университетінің ректоры Нұрбек Сапархожаев сөз сөйледі. Ол Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік бағдарламаларының, атап айтқанда AI Sana бастамасы мен университеттерді қолдауға арналған өзге де салалық бағдарламалардың өнеркәсіп үшін қолданбалы шешімдер әзірлей алатын «ЖИ буынын» қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

«Бүгін біз таланттар лифтісін құрып жатырмыз: студенттік жасанды интеллект зертханаларынан – тәжірибелік үлгілерге, ал одан әрі сериялы өндіріске дейін. Қазақстан жаһандық білім экономикасының архитектурасына бақылаушы ретінде емес, тең автор ретінде еніп келеді», – деп түйіндеді спикер.

Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатну институты мен Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институты (SIA CAS) соңғы үш жыл бойы робототехника және зияткерлік өндірістік жүйелер саласында ынтымақтастықты дамытып келеді. Әріптестік аясында бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасулар және кадрлар даярлау жүзеге асырылуда. Нәтижесінде Алматы қаласында робототехника және зияткерлік жүйелер жөніндегі Қазақстан-Қытай орталығы құрылды – озық технологияларды әзірлеуге, сынақтан өткізуге және өнеркәсіпке арналған шешімдерді кең көлемде енгізуге арналған бірегей алаң.

Делегация Қытайдағы өнеркәсіптік роботтардың ең ірі өндірушісі SiaSUN компаниясына барды. Тараптар Алматы қаласындағы академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты базасында құрастыруды жергіліктендіру, сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және инженерлік орталық ашуға дайын екендіктерін растады. Бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азия нарығына бағдарланатын болады.
Келісімдер аясында коллаборативті және логистикалық роботтар желісі бойынша жол картасын әзірлеу, кадрларды оқыту және отандық кәсіпорындардың сұраныстарына жедел бейімделетін шешімдерді көрсетуге арналған демонстрациялық-өндірістік полигон құру қарастырылған.

Сапар аясында Рудный индустриалды университеті мен Халықаралық инженерлік-технологиялық университет Шэньяндағы Қытай ғылым академиясының Автоматтандыру институтымен (SIA CAS) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Құжаттар жасанды интеллект пен робототехника бағыттары бойынша бірлескен білім беру тректерін әзірлеуді; Қытай және Қазақстанның индустриялық серіктестерімен қолданбалы ҒЗТКЖ-ны жүзеге асыруды; жас ғалымдар мен студенттер үшін тағылымдамалар мен қысқа мерзімді академиялық алмасуларды; халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысуға арналған консорциумдар құруды көздейді.

Сапар практикаға бағытталған және нәтижелі сипатқа ие болды, ол «ғылым – білім – өндіріс» триадасының логикасына сәйкес құрылды және Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделдетілген цифрлық трансформация мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағытына толық сәйкес келеді. Сапардың қорытындылары бойынша тараптар робототехника және интеллектуалды өндіріс салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, ЖИ және цифрлық технологиялар бойынша білім беру бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар үшін пилоттық енгізулер мен технология трансферін дайындау жөнінде келісімге келді.
Іс-шара қазақстан-қытай байланыстарын нығайтуда, технологиялар трансферінің жаңа мүмкіндіктерін жасауда және отандық әзірлемелерді халықаралық инновациялық экожүйеге интеграциялауда маңызды қадам болды.
Шэньян, Ляонин (ҚХР),
26 қыркүйек 2025 жыл.

