2026 жылғы 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы аясында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының қатысуымен ауқымды ғылыми көрме өтті.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университетінде өткен көрмеге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек пен ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Г.Көбенова бастаған делегация қатысты.

Қонақтарға 40-тан астам инновациялық жобалар ұсынылды. Олар цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, нанотехнологиялар, металлургия, тамақ өңдеу және басқа да стратегиялық маңызды салалардағы озық әзірлемелерді көрсетті. Ғалымдар өз жобаларының практикалық маңыздылығы, өндіріс пен экономикаға енгізу әлеуеті, коммерцияландыру мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсінік берді.
Ұсынылған жобалардың бірі Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты ғалымдарының әзірлеген, ғылыми жетекшісі PhD, ассоц. профессор А.Б. Рахматуллина, «Бие мен түйе сүтін терең өңдеу технологиясын және вакуумды-мұздатып кептіру жабдығын әзірлеу» жобасы болды.

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижесінде вакуумды мұздату қондырғысының өнеркәсіптік прототипі жасалды. Бие мен түйе сүтін кептірудің әзірленген технологиясы жоғары өнімділікті және стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді. Жобаға қатысушылар жобалық-конструкторлық және технологиялық құжаттаманың толық жинағын әзірледі. Өндірістік сынақ жүргізіліп, қорғау құжаттары алынды.


