2026 жылдың 26 ​​наурызында Механика және машинатану институтының ғылыми қызметкерлері А.Ж. Сейдахмет, С.М.Ибраев және М.Ж. Қуатова Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өндірістік кәсіпорынында жұмыс сапарымен болды.

Сапардың мақсаты ынтымақтастықты дамыту және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ілгерілету болды.

«СарыарқаАвтоПром» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі автомобиль шығаратын кәсіпорын.

Сапар барысында «Жасанды интеллект негізінде Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарын икемді роботтандыру және өнеркәсіптік автоматтандыру (RPA) үшін роботтарды, ғылыми-техникалық және бағдарламалық жасақтамаларды әзірлеу» жобасы аясында әзірленген MRTK-4 мобильді роботын сынақтан өткізу бойынша презентация ұсынылды. Бұл жобаның ғылыми жетекшісі – ҚР ҰҒА академигі А.Қ. Төлешов. Қатысушыларға МРТК-4 мобильді роботын Механика және машинатану институтында алдын ала сынақтан өткізу нәтижелері, оның негізгі техникалық сипаттамалары және өндірісте қолдану мүмкіндіктері көрсетілді.

Сынақтарды автозауыт алаңында одан әрі ұйымдастыруға байланысты мәселелерге аса көңіл бөлінді. Институт қызметкерлері компания өкілдерімен бірігіп тәжірибелік жұмыстар жүргізуге және мобильді роботты нақты өндіріске ұқсас жағдайларда сынауға жарамды өндірістік және қосалқы нысандарды тексерді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар өндірістік процестерге роботтық шешімдерді енгізу саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуға және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.