2026 жылғы 12 мамырда Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында іргелі ғылыми зерттеулер бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылған кезекті ғылыми-техникалық семинар өтті.

Семинарды ашқан модератор талқылауға ұсынылған баяндамалардың іргелі ғылым мен машина жасау және құрылыс салаларының қолданбалы мәселелерінің тоғысында орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар алынған нәтижелер сенімді конструкциялар мен тораптарды жобалауда пайдалануға мүмкіндік беретінін ерекше айтты.

Алғашқы баяндаманы техника ғылымдарының кандидаты, профессор Жарылқасын Ысқақов «Геометриялық сызықты емес демпферлі мойынтіректі тірек құрылғылары бар ротор жүйелерін динамикалық модельдеу» тақырыбында жасады. Баяндамашы демпфирлеуші элементтердің сызықтық емес сипаттамаларын ескеретін нақтыланған математикалық модельдерді құру әдістеріне жан-жақты тоқталды. Серпімді тірек материалының демпфирлеу шарттарын анықтайтын сандық модельдеудің алдын ала нәтижелері тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Екінші баяндаманы техника ғылымдарының докторы, профессор Қуатбай Бисембаев «Серпімді-тұтқыр жер қабатындағы дөңгелеу үйкелісінің және түзетілетін беттермен шектелген теңселмелі тірекке орнатылған қатты дененің еркін тербелістерінің математикалық моделдері» тақырыбында ұсынды. Профессор Бисембаев дөңгелеу үйкелісін ескере отырып, түзетілетін беттері бар теңселмелі тіректегі қатты дененің еркін тербелістерінің теориялық негіздерін баяндады. Жүйенің бастапқы тербеліс амплитудаларының мәндерін анықтауға арналған аналитикалық шешімдер ұсынылып, олардың қатты дене тербелісінің сипатын айқындайтыны көрсетілді. Семинарға қатысушылар күрделі жүктемелер жағдайындағы денелер қозғалысының процестерін дәлірек сипаттауға мүмкіндік беретін бұл тәсілдің көлік және құрылыс салалары үшін маңызды екенін атап өтті.

Әрбір баяндама қызу пікірталаспен жалғасты. Семинарға қатысушылар зерттеулерді одан әрі дамыту перспективаларын, әзірленген математикалық модельдерді бірлесіп пайдалану мүмкіндіктерін және оларды тәжірибелік сынақ қондырғыларында верификациялау мәселелерін талқылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *