2026 жылғы 3 қарашада Алматыда Механик-ғалымдар мен инженерлердің дүниежүзілік конгресі WCMSE-2026 аясында «Ғылым және индустрия: Қазақстан кәсіпорындарына арналған механика, робототехника және технологиялық шешімдер» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Талқылауға ғалымдар, әзірлеушілер, инженерлер және Қазақстан мен Қытайдың өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Дөңгелек үстелдің өткізілуі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарды іске асыруға қосылған нақты үлес болды. Оның күн тәртібі елдің индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету, жасанды интеллектіні енгізу және отандық ғылыми және инженерлік әлеуетті нығайту міндеттеріне сай келеді.

Талқылаудың негізгі тақырыбы ғылым мен бизнестің интеграциясы болды. Мұндай ынтымақтастық ғылыми зерттеулерді кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне бағыттауды және инженерлік әзірлемелерді өндірісте қолдануды көздейді. Қатысушылар өндірістік міндеттерді шешуде робототехниканы, модельдеу әдістері мен жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ инженерлік кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.
Іс-шара бағдарламасы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты, Шэньян автоматтандыру институты және SIASUN компаниясының бірлескен жұмыстары ұсынылды. Көрмеде өнеркәсіптік өндіріске арналған ғылыми әзірлемелер, макеттер, прототиптер және роботтардың, машиналар мен механизмдердің тәжірибелік үлгілері көрсетілді.
Бірлескен жобалар Қазақстан кәсіпорындарына арналған робототехникалық кешендерді әзірлеуді, дайындауды, өнеркәсіптік сынақтан өткізуді және енгізуді көздейді. Механика және машинатану институты роботтарды әзірлеуші, ал қытайлық ұйымдар оларды дайындау және өнеркәсіптік сынақтан өткізу жөніндегі серіктестер ретінде қатысады. Өнеркәсіптік серіктестер мен тапсырыс берушілер қатарында Allur тобының «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның «Семізбай-U» ЖШС-і және KARLSKRONA сорғы өндіру зауыты бар. Мұндай ынтымақтастық форматы бірлескен әзірлемелерді бизнестің өндірістік міндеттеріне бағыттауға және оларды өнеркәсіпте қолдануға дайындауға мүмкіндік береді.

Конгресс бағдарламасы аясында Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты жанындағы Машиналарды, роботтарды және автоматтандыру құралдарын прототиптеу жөніндегі Қазақстан–Қытай орталығы ашылды. Орталық бірлескен әзірлемелерді дамытуға және оларды өнеркәсіпте қолдануға дайындауға арналған. Оның инфрақұрылымы ғылыми ұйымдар, технологиялық серіктестер мен кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға жағдай жасайды.

WCMSE-2026 Алматыда 3–5 қараша аралығында өтіп, 18 елден 500-ден астам қатысушыны біріктіреді. Конгресс Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдығына және академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына 95 жыл толуына арналған.

