2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Qazaqstan AI for Science» тақырыбында бірінші ашық тұжырымдамалық сессиясы өтті.

Іс-шара Qazaqstan AI for Science тұжырымдамасы бойынша ортақ түсінік қалыптастыруға және ғылыми циклдің барлық кезеңдерінде – ғылыми гипотезаны қалыптастырудан бастап практикалық нәтижеге қол жеткізуге дейін – жасанды интеллект технологияларын жауапты әрі нәтижелі қолданудың негізгі шарттарын айқындауға арналды.

Сессия аясында ғылыми әзірлемелердің көрмелік таныстырылымы өтті.

Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты көрмеде бірқатар перспективалы ғылыми-техникалық әзірлемелерін таныстырды.

«Сфералық жемістерді автоматтандырылған сұрыптау және тасымалдауға арналған интеллектуалды робототехникалық кешен» және «Биоматериалды автоматтандырылған іріктеу және ПТР-диагностика жүргізуге арналған интеллектуалды роботтандырылған жүйе» әзірлемелерін ғылыми жоба жетекшісі Сүлеймен Талғатұлы Қаимов таныстырды.

Бірінші әзірлеме сфералық жемістерді автоматты түрде сәйкестендіруге, сұрыптауға, ұстауға және тасымалдауға арналған. Ол робототехника, компьютерлік көру, интеллектуалды басқару және мобильді мониторинг технологияларын біріктіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау және тасымалдау операцияларын автоматтандыруға негіз қалыптастырады.

Екінші экспозиция – биологиялық материалды іріктеу, өңдеу және ПТР-талдау жүргізуге дайындаудың жекелеген кезеңдерін автоматтандыруға арналған эксперименттік роботтандырылған жүйе. Кешен роботтандырылған манипулятормен және биологиялық үлгілермен жұмыс істеуге арналған арнайы атқарушы құрылғымен жабдықталған. Автоматты режимде робот биоматериалмен белгіленген манипуляциялар алгоритмін орындайды: зерттелетін нысанға қатысты қажетті позицияға орналасады, үлгіні іріктеу операциясын жүзеге асырады және оны кейінгі зертханалық өңдеу мен ПТР-талдау үшін арнайы ыдысқа орналастырады.

Көрмеде сондай-ақ «Диабет диагнозы қойылған пациенттердің қанындағы глюкоза деңгейін электрокардиограмманы талдау арқылы анықтауға арналған инвазивті емес құрал әзірлеу» жобасы ұсынылды. Ғылыми жоба жетекшісі – Әлімбаев Шыңғыс Абдраимұлы. Әзірлеме дәстүрлі инвазивті қан алу әдісін қолданбай, электрокардиографиялық сигналдарды талдау арқылы қандағы глюкоза деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін құрылғы жасауға бағытталған. Жоба интеллектуалды диагностикалық технологияларды дамыту және заманауи медицинаның өзекті міндеттерін шешу үшін деректерді өңдеу мен талдау әдістерін қолдану тұрғысынан қызығушылық тудырады.

Сонымен қатар Олег Иващуктың жетекшілігімен Yessenov University-мен бірлесіп орындалған әзірлемелер таныстырылды:

  • бейнебақылауға арналған мамандандырылған мобильді роботтандырылған платформаның жетілдірілген прототипі;
  • кемінде 10 жұмыс параметрін талдай алатын, мал шаруашылығының жай-күйін мониторингтеуге және басқаруға арналған интеллектуалды компьютерлік көру жүйесінің прототипі.

Ұсынылған әзірлемелер әртүрлі қолданбалы салаларда мониторинг жүргізуді автоматтандыруға, басқару тиімділігін арттыруға және шешім қабылдауды қолдауға арналған интеллектуалды жүйелер мен компьютерлік көру технологияларын пайдалануға бағытталған.

Институттың көрмеге қатысуы интеллектуалды технологиялар практикалық міндеттерді шешуде қолданылып жатқан ғылыми зерттеулердің нақты нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік берді. Олар ауыл шаруашылығы және зертханалық процестерді роботтандырудан бастап, компьютерлік көру, мониторинг және интеллектуалды диагностикаға дейінгі бағыттарды қамтиды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *