2026 жылғы 7-10 қазан аралығында Алматы қаласында өткен «Кері есептер, математикалық модельдеу және жасанды интеллект» халықаралық ғылыми конференциясы аясында академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты бас директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары А.Т. Хабиев пен Торайғыров университетінің Computer Science факультетінің деканы Н.А. Испуловтың кездесуі өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша магистранттар мен PhD докторанттарын даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.
Тараптар сондай-ақ магистратура деңгейінде «Механика» білім беру бағдарламасын ашу мүмкіндігін пысықтау, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, олардың нәтижелерін халықаралық ғылыми басылымдарда жариялау және жас ғалымдарды бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға тарту жөнінде уағдаласты.
Жаңа келісім ғылым мен білімнің интеграциясын нығайтуға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ жоғары білікті ғылыми және инженерлік кадрларды даярлауға қосымша мүмкіндіктер ашады.

