2026 жылғы 4 қарашада Алматы қаласында Дүниежүзілік механик-ғалымдар мен инженерлер конгресі WCMSE-2026 аясында «Интеллектуалды робототехника және мехатроника. Жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

«Ғылым ордасы» ғимаратында ұйымдастырылған конференцияға Қазақстан мен шет мемлекеттердің ғалымдары, оқытушылары, инженерлері мен мамандары қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысын Италиядағы Тор Вергата Рим университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының құрметті академигі Марко Чеккарелли жүргізді. Отырыста робототехникалық жүйелерді жобалау, бейімделгіш роботтарды әзірлеу, роботтардың қозғалысын математикалық модельдеу және өнеркәсіптік әрі хирургиялық робототехникаға арналған манипуляторларды жасау мәселелері талқыланды.

Ауыр жүктерді тасымалдауға арналған мобильді роботтарды басқару тақырыбында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ғылыми жетекшісі Амандық Төлешов баяндама жасады.

Конференцияның секциялық отырыстары екі негізгі бағытты қамтыды. Бірінші секцияда өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы робототехникасы, мехатроника, автоматтандырылған басқару жүйелері, протездер мен экзоскелеттерді әзірлеу мәселелері қарастырылды.

Екінші секция жасанды интеллект пен интеллектуалды технологияларға арналды. Қатысушылар машиналық оқыту, нейрондық желілер, заттар интернеті, автономды жүйелер, өндірістік процестерді автоматтандыру және интеллектуалды мониторинг бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Сондай-ақ гуманоидты және сервистік робототехниканы дамыту, медициналық сигналдарды талдау және минералдық-шикізат ресурстарын бағалауда жасанды интеллектіні қолдану перспективалары талқыланды. Конференция халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға, жаңа инженерлік әзірлемелерді таныстыруға және университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен инженерлік ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *