Қазақ ғылымының көрнекті өкілі, техника ғылымдарының докторы, профессор Рысбек Баймаханұлына арналған халықаралық ғылыми – практикалық конференция айрықша деңгейде ұйымдастырылды.
QyzPU мен академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ұйытқы болуымен өткен бұл алқалы басқосу – ғылым саласының дамуына серпін беріп қана қоймай, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар сілтеген тағылымды ғылыми алаң болды. «Геомеханикалық процестер және цифрландыру: инновациялық технологиялар және даму перспективалары» атты конференцияда геомеханика ғылымына қатысты өзекті мәселелер, тың идеялар және профессор Рысбек Баймаханұлы негізін қалаған ғылыми мектептің сабақтастығы жан-жақты талқыланды.
Профессор Рысбек Баймаханұлы – елімізге ғана емес, шетел ғылымына да танылған, беделі биік тұлға. Ол академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында инженерліктен бастап аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін табанды еңбек етіп, іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізді. Сонымен қатар Қыздар университетінде жарты ғасырдай қызмет атқарып, білім мен ғылымның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
450-ден астам ғылыми еңбектің авторы атанған ғалым – геомеханикалық және табиғи процестерді заманауи сандық әдістер арқылы компьютерлік-математикалық модельдеу саласының білгір маманы.
Іс-шараға белгілі ғалымдар-академиктер, профессорлар, жас ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ ғалымның туған-туыстары қатысты. Секциялық отырыстар барысында 30-дан астам баяндамалар ұсынылып, үздік деп танылған жұмыстар арнайы дипломдармен марапатталды.
Конференция аясында профессордың өмір жолы мен ғылыми мұрасын айшықтайтын бейнебаян көрсетіліп, шәкірттері арнау жырларын оқыды. Әсіресе жас ғалымдарға қанат бітірген «Үздік жас зерттеуші» марапаттары – олардың ғылыми мақалаларын жариялауға немесе жаңа зерттеулер жасауға серпін беретін маңызды қолдау ретінде бағаланды Бұл конференция – ғылым мен құрметтің тоғысқан тамаша тұсы ғана емес, геомеханика саласының болашақ дамуына тың серпін беретін маңызды ғылыми алаң ретінде есте қалды. Профессор Рысбек Баймаханұлының мол ғылыми мұрасы талай буынға өнеге болып, ғылым көкжиегін кеңейтеріне сенім мол.
Конференция қорытындысы ретінде «Көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Баймахан Рысбек Баймаханұлының құрметіне арналған Геомеханикалық процестер және цифрландыру: инновациялық технологиялар және даму перспективалары атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы» жарық көрді.




