2025 жылғы 3–5 қыркүйек аралығында академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты (ИММаш) халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту аясында Италия Республикасының Рим қаласындағы Тор Вергата университетінің шетелдік ғалымдар делегациясын қабылдады.
Ғылыми семинар барысында профессорлар Марко Чекарелли мен Маттео Руссо баяндама жасап, робототехника және жасанды интеллект салаларындағы өз зерттеулерінің нәтижелері мен негізгі ғылыми бағыттарын ұсынды.
ИММаш тарапынан доцент Сейдахмет Асқар Жүнісұлы «„СарыаркаАвтоПром“ ЖШС мысалында өндірістерді автоматтандыру және роботтандыру» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар аясында «СарыаркаАвтоПром» ЖШС автомобиль өндірісінде логистикалық операцияларды орындауға арналған мобильді роботтардың қозғалысын басқаруды автоматтандыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, навигация, ғимараттардың карталарын құру және мобильді роботтандырылған платформалардың қозғалыс алгоритмдерін оңтайландыру міндеттері талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша аталған бағыттар бойынша оңтайлы техникалық және бағдарламалық шешімдер айқындалды.
Тор Вергата университетінің шетелдік ғалымдары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы BR24992947 «Жасанды интеллект негізінде Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі кәсіпорындары үшін икемді роботтандыру мен өнеркәсіптік автоматтандырудың (RPA) роботтарын, ғылыми-техникалық және бағдарламалық қамтамасыз етуін әзірлеу» жобасының ғылыми кеңесшілері болып табылады.
Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты Тор Вергата университетімен орнықты әрі жүйелі ғылыми байланыстарды қолдап келеді. Бұл ынтымақтастық бетпе-бет кездесулер форматында да, тұрақты онлайн-кездесулер арқылы да жүзеге асырылуда.



