2026 жылдың 3-7 сәуірі аралығында Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ірі ғылыми шара – Қазақстан математиктерінің бірінші конгресі өтті. Конгресс жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркі әлемі математикалық қоғамының және Қазақстан математикалық қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов және математика, механика және ақпараттық технологиялар салаларындағы жетекші қазақстандық және халықаралық ғалымдар қатысты.

Конгресстің негізгі мақсаты қазақстандық ғылымды дамытудың стратегиялық бағыттарын әзірлеу, сондай-ақ механика, IT және AI салаларындағы ынтымақтастықты нығайту болды.

Конгресс аясында У.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ұйымдастыруымен «Теориялық және қолданбалы механиканың іргелі мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Конференцияның пленарлық мәжілістерінің модераторы ҚР ҰҒА академигі А.Қ. Төлешов және ҚР ҰҒА академигі Б.Б.Телтаев, секциялық отырыстарға профессор А.А. Жомартов пен профессор А.Ж. Сейдахмет болды. Конференцияның хатшысы – доцент А.Т. Исаова. 50-ден астам ғалымдар, оның ішінде Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті, Самарқанд және Ташкент мемлекеттік университеттері, Өзбекстан ұлттық университеті, Astana IT University, Сәтбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және т.б. өкілдері баяндама жасады.

Конгрестің маңызды оқиғаларының бірі медальдармен марапаттау болды. Дүниежүзілік түркі математикалық қоғамының және Қазақстан математикалық қоғамының президенті, академик Бақытжан Жұмағұлов ИММаш қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі А.Қ. Төлешовті, және профессор А.А. Жомартовты математика саласындағы елеулі жетістіктері үшін Дүниежүзілік Түркі математикалық қоғамының «Математика ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.Конференция механикадағы заманауи ғылыми жетістіктерді талқылау, тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды дамыту үшін тиімді алаң болды.




