2026 жылғы 16 шілдеде Тұран университетінде (Алматы қаласы) «Робототехникалық жүйелерді басқару және модельдеудің заманауи технологиялары» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Іс-шара академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының автомобиль өнеркәсібіне арналған отандық робототехникалық шешімдерді әзірлеу жөніндегі ғылыми-техникалық бағдарламасының аралық нәтижелерін таныстыру аясында бір күн бұрын Қостанай қаласында басталған халықаралық ғылыми диалогтың жалғасы болды.
Семинардың модераторлары ретінде академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы атындағы Механика және машинатану институтының бас директоры Асылхан Жәнібекұлы Бибосынов және Тұран университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Дина Ибрагимқызы Разақова сөз сөйледі.

Негізгі баяндамаларды Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институтының ғалымдары ұсынды.

Қауымдастырылған профессор Люй Пэн «Роботтарды басқару жүйелерінің типтік архитектуралары және олардың қолданылу салалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде робототехникалық кешендердің құрылымдық деңгейлерін – аппараттық интерфейстер мен өнеркәсіптік байланыс желілерінен бастап нақты уақыттағы операциялық жүйелер мен бағдарламалық әзірлеу платформаларына дейін жан-жақты қарастырды. Тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын CAN және EtherCAT технологияларын салыстыру, сондай-ақ TwinCAT, CodeSys және ROS платформаларының мүмкіндіктеріне жасалған шолу тудырды. Әртүрлі кластағы өнеркәсіптік роботтар мысалында баяндамашы басқару жүйелерін жобалаудың заманауи тәсілдерін және жасанды интеллект технологияларын біріктіруді қоса алғанда, робототехниканың негізгі даму үрдістерін көрсетті.
Қауымдастырылған профессор Чан Юн «Манипуляциялық және мобильді роботтарды кинематикалық модельдеу әдістері» тақырыбында баяндама жасады. Ол біртекті түрлендіру матрицалары негізінде кинематикалық модельдерді құрудың заманауи тәсілдерін, Якоби матрицасын қалыптастыру қағидаларын және оны роботтың атқарушы органы мен жетектерінің қозғалысы арасындағы өзара байланысты талдауда қолдану әдістерін түсіндірді. Сонымен қатар көп дөңгелекті мобильді платформалардың кинематикалық модельдеу ерекшеліктеріне, оның ішінде роботтардың тегіс емес жер бедерінде қозғалу ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.
Семинар жұмысына ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар қатысты. Баяндамалар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, олар ұсынылған ғылыми тәсілдерді отандық робототехникада қолдану перспективалары мен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.


