2026 жылғы 14–15 шілдеде Қостанай қаласында Allur компаниялар тобының («СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС) өндірістік алаңында Қазақстанның автомобиль жасау кәсіпорындарын роботтандыру және өнеркәсіптік автоматтандыру мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шара BR24992947 «Жасанды интеллект негізінде Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарын икемді роботтандыру және өнеркәсіптік автоматтандыру (RPA) үшін роботтарды, ғылыми-техникалық және бағдарламалық жасақтамаларды әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасының аралық нәтижелерін таныстыруға арналды.

Ғылыми-техникалық бағдарлама Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылуда және өндірісті цифрландыру мен роботтандыру саласындағы мемлекеттің стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президенті айқындаған ғылым мен технологияларды дамытудың басым бағыттарына толық сәйкес келеді. Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен роботтандыруды ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторлары ретінде дамыту қажеттігін атап өткен болатын.

Бағдарлама ғылым, білім және өндіріс арасындағы тиімді ынтымақтастық аясында Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты, Тұран университеті, Allur компаниялар тобы және Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы тарапынан Қытай мен Италиядағы шетелдік серіктестердің қатысуымен бірлесіп іске асырылуда.

Семинардың басты оқиғасы нақты өндірістік жағдайда отандық бес мобильді және өнеркәсіптік роботтың тәжірибелік үлгілерін көрсету болды. Әзірленген робототехникалық кешендер цехішілік логистикаға, бөлшектерді тасымалдауға, нүктелік дәнекерлеуге және автомобиль шанағының элементтерін таңбалауға арналған.

Семинар барысында Allur кәсіпорнымен бірлесіп құрылып жатқан Автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект технологиялары құзыреттілік орталығының (R&D орталығының) салтанатты ашылуы өтті. Жаңа орталық ғылыми-өндірістік ынтымақтастықты дамытуға, заманауи робототехникалық технологияларды өнеркәсіпке енгізуге және Қазақстан Республикасының жоғары технологиялық өндірістері үшін инженерлік кадрларды даярлауға арналған алаң болмақ.

Семинар аясында отандық кәсіпорындарды одан әрі роботтандыру мен өнеркәсіптік автоматтандырудың даму перспективаларына арналған дөңгелек үстелдер мен пікірталастар ұйымдастырылды. Қатысушылар ғылым мен өндірісті ықпалдастыру, ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру және жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамыту мәселелерін талқылады.

Семинардың Allur өндірістік алаңында өткізілуі ғылым мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұсынылған әзірлемелер Қазақстанда робототехникалық жүйелерді өндірудің толық циклін қалыптастыру жолындағы алғашқы маңызды қадам болды. Бұл өз кезегінде еліміздің жоғары технологиялық өндіріс саласындағы ұстанымын нығайтып, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *